Кинотеатр

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Кинотеатр — көпшілікке кинофильмдер көрсетуге арналған ғимарат не ғимараттың бір бөлігі. Ол экран тұрпаты бойынша кең пішімді, кең экранды, әдеттегі, стереоскопиялы дөңгелек панорамалы (циркорама) Кинотеатр, залдарының құрамына қарай бір, екі, кейде үш залдық Кинотеатр, арналуы мен қызметіне қарай балалар, ересектер Кинотеатры, деректі фильмдік, қайта көрсетілімдік Кинотеатр болып бөлінеді. Кинотеатр ғимараты көрермендер залы, аппараттық, әкімшілік бөлімдерден тұрады. Қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда небәрі 13 жеке меншік кинозал (Семей, Павлодар, Өскемен, Ақмола, Қостанай және Ақтөбеде) болды. Верныйда тұңғыш кино 1910 ж.“Марс” Кинотеатрында көрсетілді. Кинотехниканың өте төмен дәрежеде болуы, өлкенің экономикалық жағынан артта қалуы әрі халықтың сирек орналасуы себепті фильмдер аракідік көрсетілді. Кино өндірісі болмаса да оның белсенді насихатшылары болды. Солардың бірі – Ә.Жангелдин. Ол 1913 ж. Еуропа мен Азия елдерінде саяхатта болып, сол сапарынан Испания, Үндістан, Қытай, т.б. елдердің өмірінен түсірілген этнографиалық, тұрмыстық мәні бар 40 шақты таспа мен жылжымалы кинопроектор алып келіп, халыққа көрсетті. Қазақстанда кеңестік дәуірдің алғашқы Кинотеатрлары 20 ғ-дың 30-жылдары салына бастады. Бұл кезеңде Алматыда “Алматы” (қазіргі 28-гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақта), Қарағандыда “Қазақстан” (қазіргі Қазақ драма театрының ғимараты), “Шахтер”, Қызылордада “Амангелді” секілді Кинотеатр ғимараттары бой көтерді. 20 ғасырдың 60-жылдарынан бастап Кинотеатрлар, негізінен, бір тұрпатты жобамен салынды. Алматыдағы “Алатау” (1960), “Арман” (1968), Кино үйі (1971), “Байқоңыр” (1980), т.б. Кинотеатрлар, Астанада 1990 ж. аяғы мен 2000 ж. басында бой көтерген жаңа Кинотеатрлар осы заманғы ең озық кинотехникамен жабдықталған әсем ғимараттар қатарына жатады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8