Чек

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Чек

Чек[1] (ағылш. cheque‚ cheсk — тексеру‚ бақылау‚ кедергі жасау) — қатаң түрде белгіленген нысандағы бағалы қағаз, ақшалай құжат. Онда чек берушінің чекте көрсетілген ақшалай соманы чек ұстаушыға төлеу жөнінде банкіге берген жазбаша өкімі баяндалады. Чек қызметін банкілер клиент ашқан Чек салымындағы депозиттелген ақшалай сома шегінде көрсетеді. Чекті өтеу көзі — клиенттің меншікті қаражаты немесе банк несиесі. Ақшалай Чекті банкіден қолма-қол ақша алу үшін, несиелік Чекті қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін пайдаланады. Несиелік Чекті жоғалған, ұрланған немесе қолдан жасалған жағдайда қорғау үшін кроссолау әдісі қолданылады, яғни оның бет жағында екі қатар сызықпен қиғаш сызу тартылады (мұның мәнісі оны пайдалануға белгілі бір шектеу қойылды дегенді білдіреді). Чек төлем айналымында пайдаланылады және онда міндетті түрде “чек” деген атау‚ Чек берушінің тапсырмасы (өкімі)‚ берушінің атауы және оның төлем төленуге тиіс шоты‚ төлем төленетін валюта‚ чектің жазылған күні мен мекені‚ Чек берушінің қойған қолы болуға тиіс. Чекте деректемелердің ең болмаса біреуінің жоқ болуы‚ құжатты заңды күшінен айырады.

Түрлері:

  • “бұйрыққа жатады” деген ескертпемен белгілі бір адамға жазылған ордерлік Чек;
  • “бұйрыққа жатпайды” деген ескертпемен белгілі бір адамға жазылған атаулы Чек;
  • “ұсынушыға” деген жазу жазылған ұсынушыға арналған Чек;

Ордерлік және ұсынушыға арналған Чектерді индоссамент арқылы кез келген адамға (Чек берушіні қоса) табыстауға болады. Чек бойынша төлемге авальшы аваль арқылы толық немесе ішінара кепілдік беруі мүмкін. Чек бойынша төлемге кепілдікті төлемшіден басқа кез келген тұлға бере алады. Чек бір қаладағы немесе басқа қаладағы айналымда тауарлар мен қызметтер үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін де қолданылады. Чек ақша жиынының аса өтімді компоненттерінің бірі ретінде М1 ақша агрегатына жатады, өйткені оны банк барлық қажетті шарттары сақталған жағдайда міндетті тәртіппен төлем төлеуге қабылдайды. Чек айналыстағы қолма-қол ақшаның орнын толтыру атқарымын орындайды және ақша ресурстарының үнемделуіне жәрдемдеседі. Электрондық аударма жүйесінің енгізілуі құжат айналымын жеделдетеді. Чек транзакциясы, яғни Чек деректерін магнитті тасығышқа жазу, микрофильмдеу банкінің Чекті өңдеуге, Чекті өңдеуге, сұрыптауға жұмсайтын шығынын, өтелген Чекті иесіне қайтаруға жұмсалатын пошта шығынын үнемдеуге жәрдемдеседі. Экон. табиғаты бойынша Чек — борышқорлық міндеттеме. Оны өтеу Чек берушінің (борышқордың) шотынан Чек ұстаушының (алушының) шотына белгілі бір ақшалай соманы аудару жолымен жүзеге асырылады. Чекті бір тұлғадан екінші тұлғаға беру мүмкіндігі және Чек айналымының дамуы оны айналымдағы ақша құжаты ретінде сипаттайды. Чектің қолма-қол ақшасыз қаражат ретінде айналыста жүруге жарамдылығы оны жалған ақшаға (квази-ақшаға) айналдырады. Чек иеленушісінің мүліктік құқығын куәландыратын құжат ретінде және төлем айналымына қызмет көрсетуге арналғандықтан — саудада пайдаланылатын бағалы қағазға жатады.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Банк терминдері мен ұғымдарының қазақша-орысша сөздігі. / Ғ. Сейіткасымов, Б. Бейсенғалиев, Ж. Бекболатұлы — Алматы: Экономика, 2006. ISBN 9965-783-20-9
  2. Қаржы-экономика сөздігі. — Алматы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институты, «Зияткер» ЖШС, 2007. ISBN 978-601-215-003-2